Әлинұр Әділбеков: «Адам боламын!»

08.10.2020, 13:44
Әлинұр Әділбеков: «Адам боламын!»

Әлинұр мен ата-анасына түскен сынақ өте ауыр болды. Бала дүниеге келгенде, анасы мен әкесінің қуанышында шек болмады. Бірақ бірнеше айдан кейін сәбидің туа біткен бірнеше ауруы белгілі болды: басын тік ұстай алмады, құлағы дұрыс естімеді, сол себепті тілі де кеш шықты. Отыра алмады, тіпті қатты тамақ шайнау да баланың қолынан келмеді.

«Өмірге ұл бала келсе, ұрпақ жалғасады. Шөбересін көру үлкен атаның арманы екенін білетін жолдасым аяғымның ауыр екенін білгенде, қатты қуанды. Омырауы ембей жылай беретін, үлкендер «жыламайтын бала болмайды» деген соң, басында еш күдік болмады. 3 айына дейін бәрі жақсы деп ойлаған едім, бірақ күннен күнге жылауы көбейе бастады», – деп бастады әңгімесін Әлинұрдың анасы Мәдина.

Осы сәттен оның өмірі түбегейлі өзгерді.

«Баланы емдету үшін жолдасым акша табу амалдарын іздеп, айлап жұмысқа вахтаға кететін болды. Әрбір ем-шарасы, дәрілеріне қаражатты жеткізу үшін жолдасым жылдар бойы вахталық жұмысын жалғастыруда» – дейді Мәдина.

2019 жылдың казан айында №85 мектептегі КПИ-да 1 орын босағаны, ол орынға Әлинұрды алатыны жайлы мектептен хабар келді.

«Алғашында «не деген сорлы анамын, деп жылап-сықтайтын едім. Әлинұрды біз үшін берген Алланың сынағы емес, Жаратқанның сыйы деп білемін», – дейді Мәдина.

Сабақтан бөлек, Әлинұр спортқа қатысады.

«Спорт жағынан айта кетсем, Нұргүл Ұлжекова басқарған «Тең мүмкіндік әлемі» қайырымдылық қоры бізге спорт әлеміне есігін ашты. Жарыстардың бірінде менің де ұлым 2 жыл бойы бассейнге қатысып, жүзуден 1-ші орын алып, медаль, грамота, кубокпен марапатталды», – деп қуанышымен бөлісті Мәдина.

8 қазан күні Әлинұр он бірге толды. Біздің айтар тілегіміз: аман бол, денің сау болсын, үлкен Азамат болуыңа тілектеспіз!

Материал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырылатын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» жобасы шеңберінде дайындалды.